Режиссер Жаннат Алшанованың дебюттік фильмі "Победителей видно на старте" беделді Таллинн халықаралық "Қара түндер" кинофестивалінің (Tallinn Black Nights Film Festival, PÖFF) Baltic Competition атты байқау бағдарламасына енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба халықаралық копродукция аясында Франция, Нидерланд, Литва, Швеция елдерімен бірлесіп жасалды және Сауд Арабиясы Корольдігі де киноға қолдау көрсетті.
Фильмде 17 жастағы Мила есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Ол суда жүзетін команда құрамына кіргісі келеді. Сөйтіп еркін өмір сүріп, отбасындағы қиындықтан құтылмақ болады. Алайда мәреге жетер тұста оның өмірін өзгертетін таңдау жасауға тура келеді.
Басты рөлдерді Тамирис Жанғазинова (Мила), литвалық актер Валентин Новопольский, Әсел Қалиева мен Медина Сағындықова сомдаған.
Фильмнің түсірілімі 2024 жылдың тамыз–қыркүйек айларында Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті. Постпродакшн жұмыстары 2025 жылдың жазында Франция, Нидерланд және Швецияда қатар жүргізілді.
"Победителей видно на старте" фильмінің әлемдік премьерасы 2025 жылдың тамыз айында Еуропаның ең беделді кинофестивальдерінің бірі – Локарно халықаралық кинофестивалінде өтті. Кейін картина Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде көрсетілді.
Фильмнің Балтық аймағындағы премьерасы 19 қарашада Таллин халықаралық "Қара түндер" кинофестивалінде (PÖFF) өтеді. Бұл фестиваль Халықаралық кинопродюсерлер федерациясының (FIAPF) "А" класындағы ресми фестивальдер тізіміне енген.
PÖFF фестивалі – авторлық киноға айрықша мән беретін, жаңа есімдерді танытуға әрі фильмдерді әлемдік деңгейге шығаруға жол ашатын беделді байқау.