Бірқатар қазақстандық футболшы бірінші және екінші лигадағы кездесулерде "шарттық ойындарды ұйымдастырды" деген күдікке ілінді. УЕФА мамандары осылай дабыл қағуда. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин айтты.
Сөзінше, шұғыл кеңес өткізіліп, адал ойындарды сақтау жөніндегі комитетті шақыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, "Ақтөбе" клубының құрамына кіретін "Ақтөбе-Жас" жастар командасы назарға ілікті.
Істе, сондай-ақ, талдықорғандық "Жетісу-Б" ойыншысының да есімі аталып отыр.
Өз кезегінде, "Ақтөбе" клубының бас директоры Самат Смақов келісім ойындарына деген күдік жаздың ортасында болғанын, бірақ нақты дәлелдің жоқтығын айтты. Клуб, алдымен, мұндай матчтарға қатысқан үш ойыншыны, одан кейін тағы бірнеше аяқопшыны жұмыстан босатқан.