Ол – дрон ұшыру бойынша еліміздегі алғашқы PhD кандидат, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Қазақ дрон қыз" атанып кеткен Зарина Құтпанова "Жібек жолы" телеарнасының "Бүгін LIVE" бағдарламасында өзі зерттеп жүрген саланың қыр-сырын баяндады.
– Менің PhD тақырыбым осы салаға байланысты болғандықтан, оны зерттей бастадым. Бұл он шақты жыл бұрын алдыма келген тақырыптардың бірі. Ол кезде біздің елімізде компаниялар өте сирек болды және дронды қолданатын адамдар аз еді. Сол уақыттан бастап әртүрлі елдерге барып, тәлім-тәрбие алуға ұмтылдым. Үндістан, Қытай, Корея мемлекеттерінде әртүрлі сабақтарды өтіп, дайындалдым, – дейді ғалым.
Дрондарды қалай дұрыс пайдалану керектігін үйретіп жүрген ару не себепті дәл осы саланы таңдағанына тоқталды.
– Көбі "Неге музыка емес? Неге басқа сала емес? Дәл осы дронды таңдадың?" деп сұрайды. Біз үйде 2 қызбыз. Сол себепті мен әкемнің үлкен ұлы сияқты болдым. Көліктің қосалқы бөлшектерін жинап, шашу сияқты жұмыстарды жақсы істейтінмін. Сол уақыттан бастап осындай техникалық мамандыққа қызыға бастадым. Сөйтіп, автоматтандыру және басқару саласын оқып бітірдім. Бұл сала маған кішкентай кезімнен бері өте қызықты. Ол үшін әкеме рахмет айтамын, – дейді ол.
Ғалым өз шәкірттерімен бірге отандық ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасап жатыр. Онымен қоймай, жаңа техниканы түрлі салаларда тиімді пайдалану жолдарын да алдына басты мақсат етіп отыр.
– Қазіргі уақытта біз оқушыларыммен бірге отандық дрондарды жасап жатырмыз. Оны жеке бизнес идея ретінде жетілдіру үстіндеміз. Біз дрондарды жасап шығарамыз, шетелдерден де түрлі техникалар алып келеміз. Бірақ оны кім қолданады? Бізде дрондарды қолданатын маман жетіспейді. Бұл – біздің адамдар білмегеннен емес, жалпы бұл сала енді дамып келе жатқандықтан. Менің негізгі мақсатым – дрондарды қалай басқару керектігін, пультті басқара отырып А пунктінен В пунктіне қалай баруға болатынын адамдарға үйрету, – дейді ғалым қыз.
Ол мұндай құрылғыларды түрлі салады тиімді қолдануға болатынын айтады.
– Біз дрондарды су тасқыны, өрт секілді төтенше жағдайларда пайдалана аламыз. Мәселен, су тасқыны кезінде судың тереңдігі, одан қанша адам зардап шекті, жақын маңдағы ахуал қандай – бәрін қашықтан анықтай аламыз. Одан бөлек, күн панельдерінің де жұмысын бақылай аламыз. Қай күн панелі қанша уақытта істен шығуы мүмкін, қандай ақаулары бар, оның қай ұяшығын ауыстыру керек деген секілді мәселелерді біле аламыз. Егер адам өз аяғымен жүріп, 1 гектар жердегі күн панельдерін тексерер болса, бұл өте ұзақ уақытты алады. Ал, дрондармен өте ыңғайлы. Одан бөлек, жоғары вольтты электр желілерінің сымдарында қандай ақаулықтар барын жерде отырып-ақ тексеруге болады. Сондай-ақ мұнай саласында дрондар қарқынды қолданылып жатыр. 200 километр мұнай құбырын зерттеп шығу үшін үлкен бригада қажет. Ал оны 1 ғана дронның көмегімен анықтауға болады, – дейді маман.
Зарина Құтпанованың айтуынша, видео түсіруге арналған қарапайым дрондар Астананың желіне шыдамайды. Дронды сатып алып, оны басқаруды үйренгенмен, қалаған жерге ұшыра алмайсыз. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару үшін сізге кәдімгі жүргізуші куәлігі секілді арнайы ұшқыштың куәлігі қажет. Одан кейін сіздер сатып алған дрондарыңызды тіркеулеріңіз керек.