Астанадағы ЖОО-лардың бірінде аға оқытушы болып еңбек ететін Нұрзада Амангелді қазақша ым-ишараны танитын жүйені жасады, деп жазады inbusiness.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, жүйе сөйлеу және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған.
"Бұл шынайы уақытта ым тілінде көрсетілген сөздерді мәтінге түрлендіріп береді. Әрі қарай сол мәтінді біз сөйлемге түрлендірумен айналысамыз. Есептің осы жағын шешкен соң, біз екінші жағын шешумен айналыстық. Қазір 3D аватар жасау барысындамыз. Оқытылған модельдерімізді 3D аватарға енгізу арқылы біз табиғи тілдегі сөзді ым тіліне генерациялаймыз", - деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді.
Ғалым бұл жобаны коммерциаландыру қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ ол "Ғылым қоры" конкурсының грантын алуға ниетті екенін де жасырмады.
Бұл жүйенің маңызын "Саңыраулар қоғамы" да мойындап отыр.
Республикада сөйлеу және есту қабілеті бұзылған 32 мың адам бар.