Қазақстандық ғалымдарға арнайы сыйлықтар пен мемлекеттік ғылыми стипендиялар тағайындалмақ

515

Тиісті құжат Ашық НҚА сайтында жарияланды.

Қазақстандық ғалымдарға арнайы сыйлықтар пен мемлекеттік ғылыми стипендиялар тағайындалмақ Фото: Informburo.kz

Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар туралы бұйрық жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды, деп жазады inbusiness.kz.

"Ғылым саласындағы жыл сайынғы:

  •  жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеуі үшiн Қ.И.Сәтбаев атындағы бір сыйлық;
  •  гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеуі үшiн Ш.Ш.Уәлиханов атындағы бір сыйлық;
  •  аграрлық ғылым саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі мен жұмысы үшiн А.И.Бараев атындағы (бірінші, екінші, үшінші) үш сыйлық;
  •  педагогика саласындағы үздiк ғылыми зерттеуi мен жұмысы үшiн Ы.Алтынсарин атындағы бір сыйлық;
  •  түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы бір сыйлық;
  •  жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған Д.А.Қонаев атындағы бір сыйлық;
  •  гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған М.О.Әуезов атындағы бір сыйлық тағайындалсын", - делінген құжатта.

Ғылым саласындағы сыйлықтарды беру тәртібіне сәйкес, осы сыйлық лауреатының жаңа жетiстiктерi болған жағдайда, арада бес жыл өткен соң оған сыйлық қайта берiлуi мүмкiн.

Бұдан басқа 75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде отыз бесті қоса алғандағы жасқа дейінгі талантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік ғылыми стипендия беріледі.

"Бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетін мемлекеттік ғылыми стипендияларға ие болған ғалымдар осы стипендияларды алуға алдыңғы тағайындалған жылдан кейін кемінде үш жыл өткен соң қайта жіберілуі мүмкін. Мемлекеттік ғылыми стипендиялар бір жылға дейінгі мерзімге ғылым саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен тағайындалады", - делінген бұйрық жобасына берілген қосымшада.

Құжатты жария талқылау 18 сәуірге дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу