Қазақстандық гидрогеологтар Су ресурстары және ирригация министрлігінің Жерасты суы департаменті мен АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған оқыту семинарларына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жарты жыл бойы USGS сарапшылары "Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеологиялық қызметі" КЕАҚ-ның және оның филиалдарының мамандарына онлайн семинарлар өткізді.
Оқу барысында қазақстандық мамандар жерасты суын мониторингтеу, бағалау және модельдеудің заманауи тәсілдерімен, су ресурстарын басқару тетіктерімен, сондай-ақ гидрогеология саласындағы озық халықаралық тәжірибелермен танысты.
Оқу қорытындысы бойынша АҚШ Геологиялық қызметі "Қазгидрогеология" КЕАҚ пен оның филиалдарының ең белсенді 20 маманына сертификаттар табыстады. Сонымен қатар министрліктің Жерасты суы департаменті мен Стратегиялық даму департаментінің қызметкерлеріне алғыс сертификаттары берілді.
"Су ресурстары және ирригация министрлігі АҚШ Геологиялық қызметіне жерасты су ресурстарын зерттеу және басқару саласындағы қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға көрсеткен қолдауы мен жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс білдіреді. Біз алдағы уақытта да халықаралық серіктестерімізбен озық тәжірибе алмасу және бірлесіп кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастырамыз", – деді "Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеологиялық қызметі" КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Бекнияз.