Қазақстандық инвесторлар үшін Әбу-Даби қор биржасына жол ашылды

459

ADX әзірлеген Tabadul платформасы инвесторларға екі биржаға да шығуға мүмкіндік береді

Қазақстандық инвесторлар үшін Әбу-Даби қор биржасына жол ашылды Фото: inbusiness.kz

Astana International Exchange (AIX) және Әбу-Даби Қор биржасы (ADX) ынтымақтастықты нығайту және екіжақты қатынастарды кеңейту туралы келісімге қол қойды, деп жазады Inbusiness.kz тілшісі.

Astana International Exchange ("AIX", "Биржа") бүгін Әбу-Даби Қор биржасымен ("ADX") AIX-ті Tabadul цифрлық биржалық сауда орталығына қосу туралы келісімге қол қойылғанын жариялады. 

Бұл бастама биржалар 2021 жылдың қазан айында қол қойған Өзара түсіністік туралы меморандумда баяндалған бірлескен жоспарларды іске асыру үшін стратегиялық әріптестік аясында іске асырылды.

"Осы жылдың қаңтар айында ADX бастамасымен мемлекеттік Әбу-Дабиға сапар барысында осы бағытта келіссөздер жүргізіле бастаған еді. Бүгін, міне, сол келісімнің жемісі - ынтымақтастықты нығайту бойынша келісімге қол қоймақпыз. Енді араб инвесторлары біздің AIX-та бар құралдарды пайдалана алады және керісінше біздің инвесторлар ADX-тағы қаржы құралдарына инвестиция құя алады. Ең бастысы, біз екі листинг жасамаймыз, яғни нарықты екіге бөліп жармаймыз. Бір платформада екі ел инвесторлары сауда-саттық жасай береді", - деді "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров.  

Сонымен қатар, келісім екі биржаның брокерлеріне Tabadul арқылы қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл ADX пен AIX-тің екіжақты қатынастарды кеңейтуге деген ұмтылысын растайды.

Екі елге ортақ жаңа платформа Tabadul - мүше биржалар арасындағы өңірлік және жаһандық деңгейде сауда жасауға арналған цифрлық биржа алаңы. Оның мүшелері қатарында қазір Бахрейн қор биржасы мен Маскат бағалы қағаздар нарығы (Оман) бар.

ADX басқарма төрағасы Абдулла Сәлем Әлнуаймидің айтуынша, Tabadul инвестицияларды жүзеге асыруға, сонымен қатар инвесторларға екі нарықта да лицензияланған брокерлер арқылы тікелей сауда жасауға мүмкіндік береді.

“Өз кезегінде, бұл келісім инвесторларға жаңа мүмкіндіктерді ашады және нарыққа қатысушыларға арналған құралдарды кеңейтеді: жеке инвесторлар лицензиясы бар брокерлер арқылы екі биржада да сауда жасай алады. ADX пен AIX арасындағы сауда қатынастары AIX-тің мақсаттарына сай келеді және Қазақстан мен Парсы елдері нарықтарының арасындағы байланысты нығайта түседі. Біздің ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңі басталғалы тұр”, - деді Абдулла Сәлем Әлнуайми. 

Tabadul-дағы бағалы қағаздар тиісті биржаның жергілікті валютасында, ал кейбір жағдайларда саудаға түсетін активтің көрсетілген валютасында саудаланатын болады, бұл ретте ордерлер үшін ең төменгі сома белгіленбейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу