Қазақстандық кәсіпкерлер Конгоның тау-кен саласын зерттейді

220

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің көлік-логистика саласындағы қарым-қатынасы жан-жақты талқыланғанын жеткізді. 

Қазақстандық кәсіпкерлер Конгоның тау-кен саласын зерттейді Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессомен аталған мәселені талқылап, маңызды келісімдерге қол жеткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Президентінің айтуынша, мұның бәрі саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға ықпал етеді.

– Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты келіссөз жүргіздік. Сондай-ақ жаңа технологиялар, қазба байлықтарын бірлесіп игеру, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Қазақстанның Конгоға дәнді дақылдарды экспорттауға қатысты әлеуеті мол екеніне назар аудардық. Өздеріңізге мәлім, екі елдің де табиғи ресурстары мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін келіссөз барысында атап өттім, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің көлік-логистика саласындағы қарым-қатынасы жан-жақты талқыланғанын жеткізді.

 – Конго Республикасы – Орталық Африка аймағының қақпасы, ал Пуэнт-Нуар порты – осы қақпаның кілті. Бұл теңіз айлағының мүмкіндіктері өте жоғары. Қазақстан осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан мен Конго Республикасының басшылығын, кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырдым. Олар форум кезінде Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады, – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу