Қазақстанның Саудиядағы елшісі Берік Арын "World Halal Center" компаниясының бас атқарушы директоры ханзада Найф бен Абдалла бен Сауд бен Әбдельәзиз Әл Саудтың арнайы өкілі және орынбасары Дауахи әл-Амаанимен кездесті, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтудің жолдары мен Қазақстанда халал азық-түлік өндірісін дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Дауахи әл-Амаани қазақстандық компанияларды биылғы жылдың 3-7 қазан аралығында Жидда қаласында өтетін "HALAL EXPO" көрмесіне шақырды. Сондай-ақ, ол Қазақстаннан қатысуға қызығушылық білдірген компанияларға жан-жақты көмек пен жеңілдіктер жасауға дайындықтарын жеткізді.
Берік Арын Д.әл-Амаанидің көрмеге шақыруына және көмек беруге дайындықтарына ризашылығын білдіре отырып, көрмеге қазақстандық компаниялардың қатысулары бойынша құзыретті органдармен пысықтау жұмыстары атқарылатындығын жеткізді.