Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетінде өткен салтанатты диплом тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Рәсім барысында министр университет басшылығымен бірге түлектерге диплом табыстады. Биыл оқу орнын тәмамдағандардың қатарында Қазақстанның бес азаматы бар. Сондай-ақ, биыл университеттің құрылғанына 120 жыл толып отыр.
Шыңғыс Әрінов оқу орнының басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамына жоғары білікті мамандар даярлауға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, жас офицерлерге алдағы қызмет жолында табыс тіледі.
Министрдің айтуынша, оқуын аяқтаған қазақстандық түлектер елге оралғаннан кейін Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне жолданып, қызметтерін бастайды.
Қазіргі уақытта аталған университетте Қазақстаннан келген тағы 20 курсант төтенше жағдайлар саласына қажетті мамандықтар бойынша білім алып жатыр.