Негізінен, құс шаруашылығы – мемлекетіміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылғы 10 айдың қорытындысында Қазақстанда 360 мың тоннадан аса құс еті өндірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға көп болып тұр.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда 43 жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы, 36 ет өндіретін кәсіпорын және 7 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Олардың үшеуі – бройлер, үшеуі – жұмыртқа бағытында, ал біреуі – үйрек шаруашылығы санатында, – делінген ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан хабарламада.
Ұлттық статистика бюросы биылғы 1 қазанда елдегі жалпы құс саны 49 миллионға жеткенін хабарлады. Ал 2024 жылы 4,5 миллиард дана тағамдық жұмыртқа өндіріліп, ішкі нарық толық қамтамасыз етілген еді. Инвестициялық жобалардың жемісті болуымен соңғы 5 жылда елді құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 79%-ға дейін артқан.
Саланы субсидиялау қағидалары аясында өндірушілерге бірқатар қолдау шарасы көрсетіледі.
– Ет бағытындағы құс шаруашылығында асыл тұқымды балапандар сатып алуға және құс еті өндірісінің өзіндік құнын арзандатуға субсидиялар қарастырылған, ал жұмыртқа бағытында соңғы буындағы балапандар сатып алуға субсидиялар бөлінеді. Сонымен қатар, инвестициялық субсидиялау аясында мемлекет құс еті өндірісі, асыл тұқымды репродукторлар және жұмыртқа фабрикаларын құру немесе кеңейту кезінде салынған негізгі қаражаттың 25%-ына дейін өтейді, – деп ақпарат таратты ауыл шаруашылығы министрлігі.
Әлбетте, импортқа тәуелділікті азайту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу жалғасуда. Мысалы, былтыр жалпы қуаттылығы жылына 15,9 мың тонна құс етін өндіретін 6 жоба іске қосылса, биыл жалпы қуаттылығы жылына 45 мың тонна болатын 5 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ондағы инвестиция көлемі – 26 млрд теңге. Алдағы 3 жылда олардың қатары тағы 8 ірі кәсіпорынмен толықпақ.