Қазақстандық ТЖМ бөлімшелерінің Түркия Республикасында жүргізіп жатқан жұмысы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ондағы деректерге қарағанда, іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіле бастаған күннен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 85 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі үйінді астынан шығарылды.
"Қазіргі уақытта Қазақстан ТЖМ құтқарушылары екі елді мекенде іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастыруда. Қираған үйлердің орнындағы үйінділердің арасын ашу жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар тұрақсыз құрылымдарды бөлшектеу және арнайы кескіштің көмегімен жол тазарту және қирандылардың астынан зардап шеккендерді іздеуді жеңілдету үшін үйінділердің астындағы арматураны кесу жұмыстары жүргізуде. Бұл бетон, арқалықтар және басқа да құрылыс қалдықтарын бөлшектеп, арнайы техникаға жүктеуді жеңілдету үшін жасалады", - деп жазды ведомстводан.
Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлеріне күніне орта есеппен 35-тен астам зардап шеккен адам медициналық көмекке жүгінеді.