2020 жылдың жазында FlyArystan қалалар арасында қатынайтын әуе рейстерінің санын екі есеге арттырады. Билеттердің бағасы 8999 теңгеден басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандағы алғашқы лоукостер – FlyArystan Алматы мен Нұр-Сұлтаннан жаңа әуе бағыттарын ашуды, сондай-ақ сұранысы жоғары рейстердің санын арттыруды жоспарлауда.
Мәселен, "Алматы-Қостанай-Алматы" жаңа бағыты 12 наурыздан бастап күнделікті орындалатын болады. Осы бағыттағы ең арзан тариф құны 8999 теңгеден басталады. Ал Алматыдан Ақтөбеге және де кері қарай ұшақтар 20 сәуірден аптасына 3 рет қатынайды. Билеттер бағасы 11 999 теңгеден жоғары.
Ал биылғы жаздан бастап келесі рейстердің саны артатын болады:
- "Алматы-Шымкент-Алматы", рейстер саны 86% артып, аптасына 13 рейске дейін көбейді;
- "Алматы-Павлодар-Алматы", рейстердің саны 43% артып, аптасына 10 рет орындалады.
- "Алматы-Нұр-Сұлтан-Алматы", күніне 2 рет орындалған рейстер 50% артып, күніне 3 рет қатынайтын болады.
- "Алматы-Қарағанды-Алматы", рейстердің саны 29% артып, аптасына 9 рет орындалады.
Ағымдағы жылғы 25 қазанға дейін орындалатын рейстерге билеттерді компания сайтынан бүгіннен сатып алуға болады.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын аталмыш авиакомпания Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Қызылордаға, сонымен қатар биылғы наурыз айында елордадан Петропавл мен Көкшетау қалаларына жаңа рейстер ашатыны хабарланды