Қазақстандық мерген жамбы атудан Әлем чемпионы болды

1126

Елордада "Nur-Sultan Ethno Fest" мерекесі аясында ат үстінен садақ атудан өткен І Әлем чемпионаты аяқталды. 

Қазақстандық мерген жамбы атудан Әлем чемпионы болды

Қазақстандық мерген Ералхан Айкөз жамбы атудан тұңғыш Әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды elorda.info.

Ат үстінен садақ атудан І Әлем чемпионатына 12 мемлекеттің 25-ке тарта спортшы-мергендер қатысты. "Азиялық стиль", "Түрік стилі" мен "Қазақ стилі" бойынша өткен мергендік бәсекелердің қорытындысымен І Әлем чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Спортшыларға бесінші орынға дейін жүлде берілді.

І Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері: 1 орын – Ералхан Айкөз (Қазақстан), 2 орын – Эрденесувд Эрдене (Монғолия), 3 орын – Ли Сунг Хо (Оңтүстік Корея), 4 орын – Абзал Тулыбеков (Қазақстан), 5 орын – Михай Козмей (Румыния).

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Майбұлақ ауылында 1999 жылы дүниеге келген Ералхан Айкөз жамбы ату спортымен 2014 жылдан бастап шұғылдана бастаған. 2015 жылғы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 16 жасар Ералхан жеңімпаз болды. Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің шәкірті бұл нәтижені 2017 жылы да қайталады.

2018 жылы жастар арасындағы елішілік чемпионаттың жеңімпазы, 2019 жылы күміс жүлдегері болды. Сондай-ақ, Ералхан Айкөз биылғы жылы Алматыда өткен жастар арасындағы І Азия чемпионатында күміс жүлдені және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында қола жүлдені жеңіп алған.

Ералхан халықаралық жарыстың додасында да шыңдалып үлгерген мерген. Венгрияда, Түркияда өткен фестивальдарға қатысты. Елордада 2017 жылы жамбы атудан тұңғыш ұйымдастырылған "Алтын жебе" халықаралық турнирінде ол қола жүлдеге қол жеткізді. Әлемнің айтулы мергендері бақ сынаған мұндай ірі жарыста 18 жасар бозбаланың жүлде алуы үлкен жетістік еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу