Қазақстандық мұнайды тасымалдаудың баламалы бағыттары бар

590

Арнайы брифинг барысында "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев қазақстандық мұнайды тасымалдаудың баламалы бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Қазақстандық мұнайды тасымалдаудың баламалы бағыттары бар

Спикер Каспий құбыр консорциумы (КҚК) екі мұнай құю айлақтарының жұмысы тоқтағанымен, мұнай жөнелтуде қиындықтар жоқ екенін атап өткен. 

Бұл бағытта ол Қазақстан Әзербайжанмен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлім етті. Бұл елде қазақстандық "қара алтынды" тасымалдауға болатын екі мұнай құбыры бар.

 "Әзербайжандық тараппен қазақстандық мұнайды тасымалдау бойынша әртүрлі деңгейлерде, соның ішінде мемлекеттік деңгейде, ұлттық компаниялар деңгейінде келіссөздер жүргізілуде. Әзербайжан тарапымен келісімге келгеннен кейін толығырақ хабарлаймыз", – деді Дәурен Қарабаев. 

Айта кететіні, Әзербайжанда екі мұнай құбыры бар – Баку-Тбилиси-Жейхан және Баку-Супса. 

"Олар қазақстандық мұнайды тасымалдау үшін пайдаланылуы мүмкін", – деп қосты Қарабаев.

"ҚазМұнайГаз" өкілі белсенді түрде келіссөздер жүргізіліп жатқанын, бірақ оның барлық шарттары әлі келісілмегенін атап өтті.

Бұл ретте тілшілер "балама жолдар Қазақстан үшін КҚК-ны толығымен алмастыра ала ма?" деп сұрады.

"Бұл көптеген жағдайларға байланысты. Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанда балама жолдар жеткілікті", – деп жауап берді спикер.

Еске сала кетсек, 22 тамыз КҚК-ның үш қашықтан байлау қондырғысының екеуі жұмысын тоқтатты. Ресей аумағы арқылы өтетін құбыр Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық жолы. 

Оның ірі акционерлері ресейлік "Транснефть" (24%) және "ҚазМұнайГаз" (19%). Ұзындығы 1 511 шақырым. Соңғы рет КҚК Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына мұнай айдауды 3 тамызда қысқартқан болатын.

Құралай Құдайберген 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу