Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Дастан Рақыманберді халықаралық білім сайыстарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, әлемнің 12 еліндегі 74 беделді жоғары оқу орнынан шақырту алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дарынды оқушы SAT емтиханынан 1480 балл, ал IELTS халықаралық тестінен 7.0 балл жинаған.
Дастан бесінші сыныптан бастап ғылыми және зияткерлік байқауларға қатысып келеді. Ол республикалық астрофизика олимпиадасының жеңімпазы, халықаралық "Ғылым әлемін ашамыз" конкурсының жүлдегері және елімізде алғаш рет өткен қаржылық сауаттылық олимпиадасында жүлделі орын иеленген.
Сонымен қатар, IT саласында да ерекше жетістікке жетіп, 15-тен астам халықаралық және республикалық хакатонның жеңімпазы мен жүлдегері атанды. Оның ішінде NASA ұйымдастырған халықаралық жарыста да жоғары нәтиже көрсеткен.
Жас дарын қоғамдық жұмыстардан да шет қалмай, соңғы жылдары 40-тан астам волонтерлік іс-шараға қатысқан.