Қазақстандық оқушылар АҚШ-тағы дрон спорты жарыстарында үздік бестікке кірді

282

​Қазақстандық жас спортшылар АҚШ-та ұйымдастырылған дрон спорты бойынша екі халықаралық бәсекеде жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық оқушылар АҚШ-тағы дрон спорты жарыстарында үздік бестікке кірді Фото: Оқу-ағарту министрлігі

12 жастағы Әлихан Нсанбаев MultiGP World Championship 2026 әлем чемпионатында бесінші орынға ие болды. Ал Қазақстанның дрон-футболдан ұлттық құрамасы USA Drone Soccer International Cup 2026 турнирінде үздік бес команданың қатарына енді.

Даллас қаласында өткен MultiGP World Championship 2026 чемпионатына 44 елден 830 спортшы қатысты. Олардың ішінен 69 қатысушы іріктеуден өтіп, Әлихан Нсанбаев финалға шыққан 12 спортшының қатарынан көрінді. Қорытынды кезеңде ол бесінші орынға тұрақтады.

Әлихан Орал қаласындағы Облыстық техникалық шығармашылық орталығында білім алады және "Aspan" командасының атынан өнер көрсетеді. Жас спортшыны Қайсар Есенғали мен Андрей Тишин жаттықтырады.

Лонг-Бич қаласында өткен USA Drone Soccer International Cup 2026 жарысында Қазақстан құрамасы 16 команданың арасында бесінші орын алды. Турнирге алты елдің өкілдері қатысты. Қазақстан атынан Орал мен Атырау қалаларынан барған Наурызбек Есетов, Алдияр Бауыржан, Әлихан Нсанбаев және Альтаир Әбілғазиев бақ сынады.

Ұлттық құраманы халықаралық жарысқа Қайсар Есенғали, Нұрбол Қырықбаев, Дидар Сахратов және Александр Шимановский дайындады.

Әлихан Нсанбаевтың әлем чемпионатына қатысуына жолдама Kazakhstan Drone Championship & Cup республикалық турнирінің нәтижесі бойынша берілді. Аталған жарысты Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы "Aspandrone" қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, "Dronly Ltd." компаниясының қолдауымен өткізген. Серіктестердің көмегімен Қазақстанның дрон-футболдан ұлттық құрамасының халықаралық турнирге қатысуы да қамтамасыз етілді.

Қазақстанда дрон спорты бойынша жарыстар өңірлік, облыстық және республикалық деңгейлерде тұрақты түрде өткізіледі. Мұндай бәсекелер дарынды оқушыларды анықтауға, олардың инженерлік қабілеттерін дамытуға және робототехника мен заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жас спортшылардың халықаралық жарыстарға дайындалуына жол ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу