Алматыда Қазақстанның барлық оқушысы үшін музейге бару тегін болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 24 қаңтардан бастап мектеп оқушылары үшін Алматы музейлеріне кіру тегін болады.
Қала әкімдігі тиісті шешімге қол қойды. Бұл оқу процесін байытып қана қоймай, балалардың мәдениетке, өнерге және тарихқа деген терең қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, музейлерге бару арқылы олардың сыни ойлау қабілеті мен аналитикалық дағдылары да дами түседі.
"Елімізде 3,9 млн оқушы бар. Біз барлық бала мен жасөспірім өнер туындыларын, артефактілер мен экспонаттарды өз көздерімен көріп, дүниетанымын кеңейткенін қалаймыз. Бұл оларға қосымша білім алып, тарихи оқиғаларға терең үңілуге көмектеседі. Мектеп оқушылары музейлерге негізінен сынып жетекшілерімен бірге келетінін байқаймыз. Енді олар оқу жылы барысында да, демалыс кезінде де Алматы әкімдігіне қарасты музейлерге тегін бара алады", – деп хабарлады қала әкімдігі.
Мектеп оқушылары тегін бара алатын музейлердің тізімі мен мекенжайы:
Алматы тарихы музейі (Қабанбай батыр көшесі, 132)
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, (Зенков көш., 24/А),
Д.А. Қонаев музейі (Төлебаев көш., 117),
Әдеби-мемориалдық музей кешені:
Мұқановтың музей-үйі (Төлебаев көш., 125, 3-пәтер)
Мүсіреповтің музей-үйі (Қарасай батыр көш., 49, 25-пәтер)
Тілендиевтің мемориалдық музейі (Қонаев көш., 96),
А.Байтұрсынұлының музей-үйі (Байтұрсынұлы көш., 60)
Райымбек батыр музей кешені (Райымбек батыр даңғ., 96 а)
Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы (Нұркент ш/а, 5/11)