Швеция Корольдігінің Гётеборг қаласында өткен 10-шы Еуропалық физика олимпиадасы (European Physics Olympiad, EuPhO 2026) өз мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Халықаралық беделді білім сайысына әлемнің 41 елінен 200-ден астам оқушы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасы 3 күміс және 1 қола медаль иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Күміс медаль иегерлері қатарында Астана қаласы Нұра ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Сейтқамит Арғын, Қостанай облыстық дарынды балаларға арналған "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әбдіқадыр Таир және Астана қаласындағы NURORDA мектебінің 10-сынып оқушысы Сабыров Мерген бар.
Қола медальды Алматы қаласындағы NURORDA мектебінің 10-сынып оқушысы Жоламан Абылайхан жеңіп алды.
Ұлттық құраманың бұл халықаралық додаға қатысуын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Бекмырза Бейсенов пен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Темірлан Исмағұлов үйлестірді.
Еуропалық физика олимпиадасы – физикадан дарынды оқушылардың теориялық білімі мен эксперименттік дағдыларын бағалайтын беделді халықаралық жарыстардың бірі. Бұл жетістік Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттырып, жас физиктердің жоғары деңгейде дайындалғанын көрсетті.