Қазақстандық оқушылар информатикадан халықаралық беделді жарыста 3 медаль жеңіп алды

230

EJOI – 16 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына арналған информатика саласындағы ең беделді халықаралық олимпиадалардың бірі.

Қазақстандық оқушылар информатикадан халықаралық беделді жарыста 3 медаль жеңіп алды Фото: gov.kz

2026 жылғы 24-30 шілде аралығында Литва Республикасының Каунас қаласында Информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы (European Junior Olympiad in Informatics, EJOI 2026) өтті. Білім додасына 25 елден 100-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олимпиада екі жарыс күнінен тұрды. Қатысушылар әртүрлі күрделілік деңгейіндегі алгоритмдік есептерді шешіп, білімдері мен практикалық дағдыларын сынға салды.

Қазақстан намысын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың информатика пәнінен жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен жасақталған ұлттық құрама қорғады.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль және 1 мақтау грамотасын иеленді:

  • Еламан Алишер, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 8-сынып оқушысы – алтын медаль;
  • Бельгимбаев Амир, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы – күміс медаль;
  • Ермұханов Ислам, Ақтөбе облыстық мамандандырылған "Білім-Инновация" лицей-интернатының 9-сынып оқушысы – қола медаль;
  • Жангелді Санжар, Қарағанды облыстық Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы – мақтау грамотасы.

Ұлттық құраманы Қазақстан құрамасының жетекшісі, Astana IT University Бағдарламалық инженерия мектебінің ACM жаттықтырушысы, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Темірлан Сатылханов және "EdLight Academy" білім беру орталығының информатика пәні бойынша жаттықтырушы-оқытушысы Арман Исаев дайындады.

Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан құрамасы EJOI олимпиадасында 1 күміс және 3 қола медаль иеленген болатын. Биыл ұлттық құраманың қоржыны алтын медальмен толықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу