Әлемнің 90 елінен 3500 жас инженер қатысқан додада Қазақстан намысын қорғаған командалар екі санат бойынша жүлдегер атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ернұр Сәду мен Алдияр Аппаз "Future Engineers" санатында ІІ орынды еншілесе, Талдықорғандағы NIS шәкірттері Іңкәр Құрманбаева мен Айым Бауыржанқызы "Future Іnnovators Senior" санатында ІІІ орын алды. Сондай-ақ "RoboSports" санатында Семейдегі NIS оқушылары Ілияс Махатов пен Амир Берекенов үздік бестікке енді, ал Қызылордадағы NIS оқушылары Дінмұхаммед Әбдиев пен Максим Усольцев "Robomission Senior" категориясында үздік ондыққа табан тіреп, ұпай сандары бойынша 7-орынға тұрақтады.
Бұдан бөлек Талдықорғандағы Зияткерлік мектептің оқушылары Сержан Қадылбек пен Ақниет Молдакеримов "Technical Solution Award" номинациясымен марапатталды.
Айта кету керек, еліміздің атынан беделді байқауға 13 команда қатысты. Олардың арасында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары мен қатар жалпы білім беретін мектептердің оқушылары да болды.
2024 жылғы WRO чемпионатының тақырыбы – "Жер-Ана қамқоршылары". RoboMission санатында командалар ойын алаңында тапсырмаларды орындауға арналған автономды роботтар жасады. RoboSports санатында қатысушылар спорттық жарыстарға арналған роботтарды құрастырды. Future Engineers санатында оқушылар берілген маршрут бойынша қозғалатын роботтандырылған көлік құралдарын жобалады. Ал Future Innovators санатында командалар табиғатпен үйлесімді өмір сүруді, апаттардан қорғануды және қатал климаттық жағдайларға бейімделуді қамтамасыз ететін инновациялық шешімдер мен жобаларды ұсынды.
– Біздің оқушылар ақтық кезеңге жан-жақты әзірленіп, тыңғылықты дайындалды. Биылғы командаларымыздың да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жүлделі орындарды иеленіп отыр. Бұл жарыс – тек бәсеке емес, Қазақстан жастарының жаңашылдық пен шығармашылық әлеуетін әлемге танытатын мүмкіндік. Жыл сайын әлемдік аренада сәтті өнер көрсету – елімізде робототехниканың жүйелі түрде дамып, болашаққа сенімді қадам жасап жатқанын айқын көрсетеді, – дейді "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуакасов.
Еске салсақ, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ – 2014 жылдан бастап Қазақстандағы World Robot Olympiad олимпиадасының ресми ұйымдастырушысы. 10 жылда NIS елімізде робототехника саласының дамуына және отандық командалардың халықаралық деңгейде жетістікке жетуіне елеулі үлес қосты.