Қазақстандық өнерпаз халықаралық байқауда топ жарды

432

Астанада өткен "Coupe Mondiale 79" байқауында Жандос Сауыт негізгі аталымда жеңіске жетті.  

Қазақстандық өнерпаз халықаралық байқауда топ жарды Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Telegram

Астанада баяншылар мен аккордеоншылардың "Coupe Mondiale 79" халықаралық байқауы аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Негізгі аталымда Қазақстан атынан қатысқан Жандос Сауыт жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар Scythians триосы "Әлемдік музыка ансамблі" аталымында бірінші орын иеленді.

Байқаудың өзге аталымдарында да үздіктер анықталды. "Классикалық музыка ансамблі" аталымында ресейлік Siberian Bayan Quartet жеңіске жетті. "Жасөспірімдер арасындағы виртуоздық эстрадалық орындаушылық" аталымында италиялық Давиде Ди Джакомо, ал "Жасөспірімдер арасындағы Coupe Mondiale" санатында жапониялық Фута Мидзутани үздік атанды.

"Ересектер арасындағы виртуоздық эстрадалық орындаушылық" аталымында Босния және Герцеговина өкілі Джордже Перич топ жарса, "Coupe Mondiale шеберлері" санатында ресейлік Тимур Сетраков бірінші орын алды.

Арнайы жүлделерді Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының президенті Мирко Патарини табыстады. Қорытынды концертте жеті аталымның жеңімпаздары өнер көрсетті.

Байқауға 16 елден 153 өнерпаз қатысып, оның 40-ы Қазақстан намысын қорғады. Сондай-ақ Астанаға Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының 46 делегаты келді. Жеті аталым бойынша жеңімпаздар анықталып, жалпы жүлде қоры 16 млн теңгені құрады.

Байқау қорытынды концертпен аяқталды. Онда жеңімпаздар мен "Қазақконцерт" әртістері өнер көрсетті. Сондай-ақ 40-тан астам баяншы Құрманғазының "Адай" күйін бірге орындады. Салтанатты кеш Ескендір Хасанғалиевтің "Атамекен" әнімен түйінделді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу