Қытайдың қолданыстағы цифрлық астық саудасы платформасының қазақстандық бөлімі пилоттық режимде іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отандық SN Trade Company серіктестігі қытайлық Yihai (Changji) Oils&Grains Industries Co., Ltd компаниясына 200 тонна зығыр майының сынақ партиясын жеткізу туралы келісті.
Онлайн алаңның іске қосылуы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қытайлық серіктестермен былтырдан бері жүргізіп келе жатқан ауыл шаруашылығы саудасының бірлескен цифрлық тетігін құру туралы келіссөздердің жалғасы деуге болады.
Өткен аптада ҚХР Мемлекеттік азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі басқармасының басшысы Лю Хуаньсиннің Астанаға сапары аясында "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК" АҚ мен Қытайдың Ұлттық азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі басқармасының (NAFRA) жанындағы Астық саудасын үйлестіру орталығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат тараптардың Қазақстан мен Қытай арасында астық және майлы дақылдар өнімдерінің цифрлық саудасын дамыту ниетін дәлелдеді.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясының Бейжіңдегі өкілдігі пилоттық мәміленің қазақстандық пайдаланушылар үшін қызметті сынақтан өткізуге, сондай-ақ техникалық кемшіліктерді анықтауға және жоюға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бастапқы кезеңде платформаның түржинағы негізінен дәнді дақылдар мен майлы дақылдарға – күнбағыс, рапс, зығыр және сояға бағытталған. Бұл тізім болашақта импорттаушылардың сұранысына және отандық жеткізушілердің экспорттық мүмкіндіктеріне байланысты кеңеюі мүмкін.
Сауда-саттықтар өзара әрекеттесудің ашық аукциондар, тараптардың келісуі бойынша мәмілелер және өнімді бекітілген бағамен сату сияқты бірнеше тетіктерін алға тартып отыр. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік жарнасы көзделген, қатысушылар арасындағы қаржылық есеп айырысуларды платформа арқылы жүзеге асыру ұсынылады.
Қытайдың астық саудасы платформасы ҚХР-дағы 50 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын біріктіреді және 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Оған қазақстандық компаниялардың қосылуы ауыл шаруашылығы экспортын арттыруға қолайлы мүмкіндіктер ашады және Мемлекет басшысының АӨК секторындағы цифрландыруды дамыту бойынша тапсырмасын іске асыруға ықпал етеді.
"Бұл жобадағы біздің басты мақсатымыз – қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен трейдерлеріне өз өнімдерін онлайн сатуға, сатып алушыларды табуға және Қытай нарығына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік беру", – деп атап өтті "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.