Қазақстандық онкологтар Қырғызстанда өтіп жатқан Қазақстан медицинасы күндері аясында жергілікті дәрігерлермен бірлесіп, сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан пациенттерге операция жасап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жұмыс Бішкектегі Ұлттық онкология және гематология орталығының базасында ұйымдастырылған. Қазақстан атынан Ұлттық ғылыми онкология орталығының клиникалық жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Азат Чиналиев пен онкохирург Александр Дигай қатысуда.
Мамандар алдымен пациенттердің тексеру нәтижелерін талқылап, емдеу тактикасын анықтаған. Бағдарлама аясында сүт безі қатерлі ісігі бар пациенттерге төрт операция жасау жоспарланған. Алғашқы операция сәтті аяқталды.
Онкохирург Александр Дигай заманауи хирургиялық тәсілдерді көрсетіп, ісікті алып тастау, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда сүт безін сақтау немесе қайта қалпына келтіру әдістерімен бөлісуде.
Операция кезінде ісіктің лимфа түйіндеріне таралған-таралмағанын анықтауға мүмкіндік беретін технология да қолданылады. Бұл хирургиялық араласудың қажетті көлемін дәлірек таңдауға мүмкіндік береді.
"Біз үшін кәсіби тәжірибе алмасудың практикалық форматы ерекше маңызды. Біз ҰҒОО қолданылатын технологиялар туралы айтып қана қоймай, әріптестерімізбен бірге клиникалық жағдайларды талқылап, емдеу тактикасын анықтап, бір операциялық бөлмеде жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай тәжірибе алмасу кәсіби байланысты нығайтып, бірлескен жұмыстың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады", – деді ҰҒОО клиникалық жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Азат Чиналиев.
Сапар барысында қазақстандық мамандар Ұлттық ғылыми онкология орталығының клиникалық, ғылыми және білім беру бағыттары туралы да таныстырылым жасады. Екі ел дәрігерлері онкологиялық көмек көрсету саласындағы тәжірибе алмасуды жалғастыруда.