Қазақстандық онкологтар отандық биоматериалды пайдаланып, сүт безін қалпына келтірудің технологиясын енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында (ҰҒОО) сүт безін реконструкциялаудың жаңа әдісін қолдану бағдарламасы аяқталды. Бір жарым жыл ішінде хирургтер 120-дан астам пациентке ісікті алып тастаумен қатар сүт безін қалпына келтіру операциясын жасаған.
2026 жылғы шілдеде аталған материал медициналық бұйым ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл оны ғылыми жоба аясынан тыс, клиникалық тәжірибеде кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Сүт безі обыры Қазақстанда әйелдер арасында ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі болып отыр. 2025 жылы елімізде осы дерттің 5 743 жаңа жағдайы тіркелген. Ұлттық скринингтің арқасында ауру ерте кезеңдерде жиі анықтала бастаған. Сонымен қатар өлімнің стандартталған көрсеткіші 100 мың әйелге шаққанда 16,6-дан 10,2 жағдайға дейін төмендеген.
Қазіргі уақытта дәрігерлердің басты міндеті – ауруды бақылауда ұстаумен қатар, пациенттердің өмір сапасын сақтау. Осы бағыттағы тиімді әдістердің бірі – бір мезгілдік реконструкция. Бұл операция кезінде ісік алынып, сол сәтте имплант көмегімен сүт безінің пішіні қалпына келтіріледі.
"Әйел адам үшін емнің қаншалықты сәтті өткені ғана емес, операциядан кейін өзін қалай сезінетіні де маңызды. Бір мезгілде реконструкция жасау ісікті алып тастау мен сүт безін қалпына келтіруді бір хирургиялық араласу аясында орындауға мүмкіндік береді. Бұл – пациентке көрсетілетін кешенді көмектің маңызды бөлігі", – дейді ҰҒОО тері және жұмсақ тіндер ісіктері, реконструктивті хирургия секторының аға ординаторы Бауыржан Әнапия.
Имплантты сенімді бекітіп, тіндерге қажетті қолдау көрсету үшін әлемдік тәжірибеде арнайы торлар мен биологиялық матрицалар қолданылады. Алайда олардың импорттық түрлері қымбат. Сондықтан операциялардың қолжетімділігін арттыру мақсатында Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары отандық коллагенді қаңқаны қолдануды қолға алды. Бұл – қазақстандық X-Matrix компаниясы өндіретін жануар текті ацеллюлярлы ксеногендік X-Graft матриксі.
Бұған дейін бұл материал негізінен күйік пен жараларды емдеуге пайдаланылып келген. Ал оны пластикалық операцияларда қолдану үшін мамандар Қазақстан Республикасының №11199 пайдалы модель патентімен қорғалған арнайы әдістеме әзірлеген.
"Біздің мақсатымыз импорттық материалды отандық өніммен жай ғана алмастыру емес еді. Оны нақты хирургиялық міндетке бейімдеу, яғни имплантқа қажетті тірек қалыптастырып, тіндердің қалпына келуіне жағдай жасау қажет болды. Осы мақсатта оны қолданудың өзіндік әдістемесін әзірлеп, тәжірибеге енгіздік", – дейді хирург.
Бағдарлама аясында отандық матриксті пайдаланып, 120-дан астам бір мезгілдік реконструкциялық операция жасалды. Олардың нәтижелері халықаралық тәжірибемен салыстырылды.
2026 жылғы шілдеде медициналық бұйым ресми тіркеу куәлігін алды. Бұл технологияны еліміздің басқа да медициналық ұйымдарының клиникалық тәжірибесіне енгізуге мүмкіндік береді.
"Біз маңызды кезеңнен өттік: отандық матрикс мемлекеттік тіркеуден өтті және енді клиникалық тәжірибеде қолданыла алады. Алайда жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта пациенттерді бақылауды жалғастырып, ұзақ мерзімді нәтижелер мен технологияның экономикалық тиімділігін бағалауымыз қажет. Болашақта мұндай реконструкциялық операциялар Астана қаласында ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі әйелдерге де қолжетімді болғанын қалаймыз", – деп атап өтті Бауыржан Әнапия.