"Ұлы дала ойындары – 2024" деп аталған қалалық біріншілікте 74 команда ұлттық ойындар бойынша сынға түскен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқушылар қазақы стильдегі роботтарын жұртшылық назарына ұсынып, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын шеберлік сабағына да қатысқан.
Чемпионатта Қарағандыдағы 40 мектептен 74 команда төбе көрсеткен. Олар 8 түрлі санат бойынша жарысқа түсіп, "Асық ату", "Арқан тарту", "Бәйге", "Жамбы ату", "Қыз қуу", "Көкпар", "Теңге алу" және "Ханталапай" сияқты ұлттық ойындарды дәріптеген.
9-16 жас аралығындағы оқушылар роботтарды құрастыру мен бағдарламалау дағдыларын көрсетіп, өзара бақ сынасқан. Солардың бірі – №33 мектеп-бөбекжай кешенінің 6-сынып оқушысы Ярослав Землянский.
– Мен робототехникамен айналысқаныма 2 жыл болды. "Көкпар" туралы көп мәлімет жинадым. Бірақ алдымен роботты жинап, оның барлық ерекшелігін түсіну қажет. Робот шабандозын тез әрі дұрыс құрып, оны смартфондағы "Bluetooth" арқылы басқару керек, - дейді ол.
Чемпионатты ұйымдастырушылардың бірі, Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның робототехника пәнінің мұғалімі Әділбек Бердіходжаевтың айтуынша, жарыс алдында авторлық ережелер дайындалған және арнайы ойын алаңдары жасалған.
"Көкпар" санаты үшін арнайы электронды табло орнатылды. Бұл жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерге онлайн режимде қатысуға мүмкіндік береді. Ал "Ханталапай" санаты жаңа бастама: робот шашыраңқы асықтарды жинауы тиіс. Тапсырма оңай емес, объектінің орналасқан орнын дәл есептеп, қажетті сызықтарды жоғалтпау маңызды", - дейді ол.
Ұйымдастырушылар бұл чемпионаттың екінші рет өткізіліп отырғанын, болашақта республикалық, тіпті халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлағанын айтып отыр.