Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен 14-22 қыркүйек аралығында өтетін әлем чемпионатында Дәулет Шабанбайға Лондон олимпиадасының қола медалін табыстау жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының туризмді және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz
"Алдыңғы жүлдегер атанған спортшылар медальдерін кері қайтарды. Олимпиада комитетінің хабарлауынша, елордамызда күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионатында палуанымызға қола медальді табыстау жоспарланып отыр", – деді Нұрлан Есембаев.
Айта кетейік, Павлодар облысының спортшысы Дәулет Шабанбай 2012 жылы Лондон олимпиадасына еркін күрестен қатысқан болатын. 120 келі салмақ дәрежесінде күрескен палуанымыз қола медаль үшін белдесуде ресейлік Біләл Маховқа есе жіберіп, жарысты тоқтатқан. Арада 7 жыл өткеннен кейін еркін күрестен 120 келі салмақта Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері атанған грузиялық Давид Модзманашвилидің допингтік сынамасынан тыйым салынған заттар табылды. Спортшының нәтижесі жойылып, одан жеңілген ресейлік Біләл Махов күміс жүлдегер атанды. Ал, Біләлға есе жіберген Дәулет Шабанбай қола жүлдеге ие болды.
Бұдан басқа, Дәулет Шабанбай Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері және бір мәрте күміс жүлдегері атанған. Сондай-ақ 2014 жылғы Азия ойындарында күміс медаль олжалаған.