Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Нұрдәулет Жұмағали Aнглияда өтіп жатқан әлем чемпионатында пара жүзуден күміс медальді қанжығасына байлады.
Қазақстандық спортшы финалда брасс әдісімен жүзуден қарсыластарын артта қалдырып, 100 м қашықтықты 1:05.16 уақытта бағындырды.
Нұрдәулет Жұмағали ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінің 3-курсында оқиды. Ол – 2020 жылғы Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы Әлем кубогының чемпионы, 2021 жылғы ҚР Универсиадасының чемпионы, 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегер, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.
Пара жүзуден әлемдік дода Англияның Манчестер қаласында 31 шілдеде басталып, 6 тамызға дейін жалғасады. Жарысқа 67 мемлекеттен 600-ден астам спортшы қатысуда. Ел намысын бес спортшы – Нұрдаулет Жұмағали, Сиязбек Далиев, Андрей Афанасьев, Наталья Звягинцева және Роман Потапов қорғауда.