Қазақстандық студенттер Нидерландтың ірі медициналық орталығында білім алатын болады

573

Қазақстан Елшісі Аcқар Жұмағалиев алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін жүргізетін Нидерландтың ең ірі медициналық кластері – Роттердамдағы Эразмус атындағы Университетінің медициналық орталығына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық студенттер Нидерландтың ірі медициналық орталығында білім алатын болады

Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен гибридті кездесу өткізіліп, студенттерді оқыту, оқытушылар құрамымен алмасу және екі ел арасындағы медицина саласындағы ғылыми ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

Онлайн форматта қазақстандық бес ірі медициналық ЖОО ректорлары, "Болашақ" халықаралық стипендиясының басшылығы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты. Нидерланды делегациясын университеттің медициналық орталығының президенті, профессор Штефан Шлейфер басқарды.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық магистранттар мен докторанттарды Эразмус университетінде оқытуды жолға қою бойынша нақты қадамдар туралы уағдаласты. Алдағы уақытта қазақстандық мамандарды тағылымдамалардан өткізу бағдарламаларын енгізу жоспарланып отыр.

Онлайн кездесу соңында Қазақстан Елшісі Нидерландтағы ең көне неонатология бөлімшесінің, гастроэнтерология бөлімшесінің және биомедициналық бақылау тобының жұмысымен танысты. Неонатология бөлімінің басшысы, профессор Ирвин Рейсс эмбрионның дамуын ерте ескертуге қолданылатын жаңа технологияларды енгізу мүмкіндіктерін көрсетті.

Гастроэнтерология және гепатология бөлімінің басшысы, профессор Майкл Пеппеленбош зерттеу және диагностикалық зертханаларды көрсетті, сонымен қатар пациенттердің күтіміне қатысты жағдайлармен таныстырды.

ЖИ және блокчейн технологиялардың медицинада қолданылуы келешегімен биомедициналық визуализация тобының жетекшісі доктор Геннадий Рощупкин таныстырды.

Қазіргі уақытта қол жеткізілген уағдаластықтарға құқықтық негізін беру үшін техникалық мәселелер шешілуде.

Эразмус университетінің Медициналық орталығы құрамына Эразмус университетінің медициналық мектебі және 1 мың пациентке арналған 3 университеттік аурухана кіреді. Орталықтың жылдық бюджеті 2 млрд доллар, оның 306 млн-ы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен білімге жұмсалады. Медициналық орталықта 14 мың қызметкер жұмыс жасап, 2,5 мың студент білім алуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу