Қазақстандық танымал экономист өзінен ақша бопсалаған қайын атасын түрмеге жіберді

2339

Астананың Қылмыстық істер жөніндегі соты белгілі экономист, президенттің бұрынғы кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтің әйелінің әкесі Төлепқали Қабыловқа қатысты үкім шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық танымал экономист өзінен ақша бопсалаған қайын атасын түрмеге жіберді Фото: canva.com

Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың наурыз айында Ұлыбританияда Құдайбергеновтің әйелі полицияға күйеуі балаларын ұрлап кеткені туралы арыз берген.

Келесі күні Олжас Құдайбергенов Лондон әуежайында ұсталып, абақтыға қамалған.

Бірнеше күннен кейін қайын атасы Құдайбергеновке хабарласып, қызының Ұлыбританияда немерелерімен екі жыл тұруы үшін қажет 30 мың фунт стерлинг талап еткен. Ақшаны берген жағдайда қызының арызын қайтарып алатынына уәде берген.

Ал ақшаны беруге келіспеген жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарында Құдайбергеновтың әйеліне тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны және бала ұрлағаны туралы ақпарат тарататыны айтып қорқытқан. Абыройына нұқсан келуінен қорыққан экономист бұл соманы үшке бөліп аударуға келіскен.

Алғашқы 5 000 фунтты қайын атасына Құдайбергеновтың досы апарып берген. Келесі күні экономисттің әйелі арызын қайтарып алған. Құдайбергенов Қазақстанға келіп, екінші келісілген 10 мың фунт стерлингті беру кезінде күдікті Қабыловты полиция қызметкерлері тұтқындаған.

"Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-филологиялық сараптаманың қорытындысымен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді", – делінген сот хабарламасында.

Қабылов бопсалағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот жәбірленушінің сотталушыға қатысты азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандырды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу