Қазақстандық тауарлар дүкен сөрелерінде басымдыққа ие болады

236

Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы 14 тамызда ішкі сауда қағидаларына тиісті өзгерістер енгізетін бұйрыққа қол қойды.  

Қазақстандық тауарлар дүкен сөрелерінде басымдыққа ие болады Фото: ЖИ

Электронды сауда алаңдарында қазақстандық өнімдерді ілгерілетуге бағытталған жаңа талаптар енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді электронды сауда платформаларындағы іздеу жүйелері "Қазақстанда жасалған" белгісі бар тауарларды басымдықпен көрсетуі тиіс. Бұл талап сатып алушы іздеуді жеке параметрлер арқылы нақтылаған жағдайда қолданылмайды.

Ақпараттық-жарнамалық сауда алаңдарына да бірқатар міндет жүктелді. Олар хабарландыру орналастыратын пайдаланушыларды екі факторлы аутентификация арқылы тіркеуі және сәйкестендіруі қажет. Бұл үшін Қазақстандағы ұялы операторға тіркелген нөмір немесе заңда қарастырылған өзге де тәсілдер пайдаланылуы мүмкін.

Тұрғын үйді сату немесе жалға беру туралы хабарландыруларда нысанның апатты немесе ескі деп танылғаны жөніндегі ақпарат міндетті түрде көрсетіледі.

Сонымен қатар, электронды сауда платформалары алаяқтық әрекеттерді анықтап, олардың алдын алу үшін Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен интеграциялануы тиіс.

1-4 санаттағы сауда нысандарында да қазақстандық өнімдерді орналастыру тәртібі өзгереді. "Қазақстанда жасалған" тауарлары арнайы маңдайшамен белгіленіп, сұранысы жоғары өнімдердің жанына қойылуы қажет.

Сауда нысанындағы азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың кемінде 30%-ы қазақстандық өнім болуы тиіс. Олар әр санат пен санатшада сатып алушыға бірден көрінетін, оңай қолжетімді жерде, соның ішінде көз деңгейінде орналастырылады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қатысты да жаңа талаптар бар. Кәсіпкерлер өндірушінің немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасына 15%-дан артық сауда үстемесін қоса алмайды.

Қосымша шығындар құжатпен расталған жағдайда ғана үстемеақыны арттыруға рұқсат етіледі. Оған тауарды тасымалдау, импорттау, электронды сауда кезіндегі жеткізу және өнімнің табиғи кемуіне байланысты шығындар жатады.

Бұдан бөлек, ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілермен келісімшарт жасасуға міндеттеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу