Қазақстандық тауарлар Өзбекстан нарығын бағындыруда

534

Отандық өндірістің өнімдері көрші елдің нарығын бағындыруда.

Қазақстандық тауарлар Өзбекстан нарығын бағындыруда

Made in KZ тауар белгісі Өзбекстандықтар үшін таңсық емес. Отандық өндірістің өнімдері көрші елдің нарығын бағындыруда.

Қазақстанда құрастырылған автокөліктер, трансформаторлар мен аккумуляторлар, азық-түлік және т.б. тауарлар Өзбекстанда тұрақты тұтынушыларын тауып үлгерген, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өзбекстан нарығына қазақстандық тауарлар көптеп енуде. Бұл ретте Бәйтерек холдингінің еншілес мекемесі – KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясының үлесі мол. KazakhExport өнім өндіру көлемін ұлғайту мен сыртқы нарықтарға шығуда кездесетін тәуекелдерде отандық кәсіпорындарды сақтандыруға көмектеседі. 4 жыл ішінде Өзбекстанға тауар экспорттайтын жергілікті өндірушілерге 255 млрд теңгеден астам қаржы бағыттаған. Компания басшылығы мұндай жетістікке қол жеткізу Өзбекстанның түрлі даму институттарымен және қаржы ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатқанымыздың арқасында мүмкін болды деп отыр. 

"Біз отандық экспорттаушыларға тауарын жөнелткеннен кейін бірден қажетті қаржыландыруды алуға мүмкіндік беретін аккредитивтерді сақтандыру бойынша қазақстандық серіктес банктерімізбен белсенді жұмыс істейміз. Ал өзбек контрагенттеріне – осы тауар үшін төлемді қаржыландыруды және төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін ұсынамыз. Жалпы ағымдағы жылы Өзбекстан Республикасына экспорттаушыларға көрсетілген қолдау 65 миллиард теңге болды", – дейді "KazakhExport" ЭСК" АҚ басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин.

KazakhExport-тың қолдауымен отандық өндірушілер өзбек нарығына автомобильдер, аккумуляторлар, кабель түрлері мен құрылыс материалдарын, тамақ өнімдері және т.б. тауарларын жөнелтеді. Кондитерлік өнімдер үшін сұраныс ерекше.  

"5 жыл ішінде біз Баян сұлу және Сәуле компаниясымен келісімшарттарға қол қойдық. Қазақэкспорттың арқасында келетін тауар көлемі ұлғайды. Аталған екі компанияның өнімдерін сату көлемі 4 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл өзара ынтымақтастығымыздың нәтижесі", – дейді "Sunlight Food Trading" ЖШС құрылтайшысы Джаффар Монджазиб.

Жаркент крахмал-сірне зауыты болса KazakhExport көмегімен Өзбекстанға өз өнімдерін экспорттау көлемін екі есеге арттырды. Компания шетелдік сатып алушыға қазақстандық зауыттың өнімдерін алуда сауда қаржыландыруын ұйымдастыруға көмектескен.

"KazakhExport компаниясымен серіктес болғанымызға 5 жылдан асты. Осы кезеңде 7 миллион доллардан астам қаржы алдық. KazakhExport бізге тек кепілдендірілген серіктестерді ұсынады. Тауарларды уақытылы және толық көлемде жөнелтуге кепілдік береді. Сондай-ақ KazakhExport компаниясы банктік кредиттеуден гөрі тиімді шарттармен қаржыландыруды ұсынатынын атап өткім келеді. Сондықтан серіктестік біз үшін өте тиімді", – дейді "Right to Win" ЖШС бас директоры Махмуд Юлдашев.

KazakhExport өз тұтынушыларының сұранысына сай өнімдер мен жеткізушілерді іріктейді. Төлем алдын ала жасалса сатып алушының тәуекелдерін жаба алады. Келісімге келген қос тарапты да жеңілдікпен қаржыландырады. Мұның бәрі отандық өндірісті ілгерілету мен өзімізде өндірілген өнімдердің шетелдік нарықтағы үлесін арттыруға сеп болмақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу