Қазақстандық теңіз академиясының 24 кадеті Атлантикалық мұхитты кесіп өтті

745

Барлық сынақтардан өткен кадеттер Францияның Больё-сюр-Мер қаласына аман-есен жетіп, ол жерден Қазақстанның Франция мен Бельгиядағы Елшіліктерінің күшімен Амстердам қаласына жеткізілді.

Қазақстандық теңіз академиясының 24 кадеті Атлантикалық мұхитты кесіп өтті

ҚБТУ Қазақстандық теңіз академиясының 24 кадеті мен 2 оқытушы-офицері 46 күн ішінде Синт-Мартен Кариб аралынан Азор аралдарына дейін Атлантикалық мұхитты кесіп өтіп, Нидерландыға сәтті оралды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Хабарламаға сүйенсек, жас теңізшілер жоспар бойынша 16 ақпанда Синт-Мартен Кариб аралынан бастап, Атлантика арқылы Азор аралдарына дейін жетіп, 16-17 наурызда сол жерден Франкфурт арқылы елге ұшып келуге тиіс болған екен. Алайда коронавирустың тарату қарқыны олардың қайтуына кедергі болыпты.

"Азор аралдарынан тұрақты авиарейстер тоқтатылғаннан кейін команда "Эйндрахт" желкен кемесінің Роттердамдағы (Нидерланды) тіркеу портына қайта оралуға шешім қабылдады. Жүзу барысында кеме 12 балдық дауылға ұшырап, біздің жас теңізшілер рухтың беріктігін және қолайсыз жағдайларда командамен жұмыс істей білетіндігін көрсетті. Нидерланд экипажы атап өткендей, олардың қазақстандық кадеттердің көмегінсіз осындай дауылдан өтуі қиын болар еді",– деп жазады баспасөз қызметі.

Барлық сынақтардан өткен кадеттер Францияның Больё-сюр-Мер қаласына аман-есен жетіп, ол жерден Қазақстанның Франция мен Бельгиядағы Елшіліктерінің күшімен Амстердам қаласына жеткізілді.

"Біздің дипломаттар бірінші күннен бастап балалар мен олардың ата-аналарымен байланыста болды. Қазіргі уақытта олар Амстердам қонақ үйінде орналастырылып, Қазақстанға жақын арада қайтуын күтуде",– дейді СІМ-нен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу