Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Александр Недовесов украиналық Денис Молчановпен бірге финалда осы доданың 1-ракеткалары, венесуэлалық Луис Давид Мартинес – испаниялық Давид Вега Эрнандес жұбымен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші партияда А.Недовесов пен Д.Молчанов 3:6 есебімен есе жібергенімен, екіншісінде қарымта қайырды – 6:4. Тартысты өткен тай-брейкте Недовесов пен Молчанов жеңісті жұлып алды – 18:16.
Финалдық бәсеке сағат жарымға созылды. Шешуші тай-брейкте Молчанов пен Недовесов қарсыластарының алты бірдей матчболды пайдалануына мүмкіндік бермеді. Матч барысында олар екі мәрте брейк жасай алды. Осылайша 33 жастағы А.Недовесов қазақстандық теннисшілер арасынан жаңа жылдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұл – оның жұптық сында челленджер турнирлеріндегі 16-табысы. Анталия жарысының жүлде қоры 44 мың АҚШ долларына бағаланған болатын.