Михаил Кукушкин Тенерифе (Испания) челленджер турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастап, финалға дейін жеткен қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде әлемнің 156-ракеткасы, 22 жастағы италиялық Маттео Гигантемен бас жүлдені сарапқа салды.
Қарсыластар матчты брейк алмасумен бастады. Дегенмен содан кейін қос брейкке қол жеткізген тәжірибелі Кукушкиннің басымдығы айқын көрініс тапты – 6:2.
Екінші сетте де қазақстандық 2:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Гиганте матчты жалғастырудан бас тартты.
Бұған дейін Манама (Бахрейн) челленджер жарысында үздік шыққан қазақстандық теннисші осымен жеңіс сериясын 12 ойынға жеткізді.