Қазақстандық теннисшілер АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлемнің 51-ракеткасы Александр Шевченко Индиан-Уэллс мастерс жарысының алғашқы айналымында рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған германиялық Доминик Кепфермен сынға түсті.
Бірінші партияда Шевченко 6:3 есебімен басымдық танытса, екіншісінде есе жіберді – 1:6. Дегенмен шешуші, үшінші сетте тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).
Александр Шевченко екінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, аргентиналық Франсиско Черундоломен шеберлік байқасады.
Әйелдер арасында Индиан-Уэллс WTA 1000 додасында әлемнің 79-ракеткасы Юлия Путинцева да сәтті ойнай алды. Ол рейтингіде 76-орындағы тағы бір германиялық Тамара Корпачты екі сетте жеңді – 6:2, 6:3.
Юлия Путинцеваның келесі қарсыласы – әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрова.