Қазақстанның төрт фильмі V Eurasian Film Festival (ECG FF) британдық кинофестивалінің финалына шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Үздік қысқаметражды фильм" аталымында режиссер Рамазан Халиолланың Barn фильмі, "Үздік деректі фильм" аталымында режиссер Ақбөбек Төлжанованың "Ұйқыдағы арудың оянуы" фильмі мен режиссер Aлмас Мақсұттың Segiz фильмі, "Үздік Еуразиялық кино" (Гран-при) аталымында Марина Қонарованың The Crying Steppe фильмі бақ сынайды.
"Біз Қазақстан киносының дамып, әлемнің әр түкпір-түкпірінен көрермендерін тауып жатқанына қуаныштымыз. Фестивальдің барлық қатысушыларына сәттілік тілейміз және қазақ киносы бізді жаңа жауһарлармен қуанта береді деп сенеміз", деп пікір білдірді фестиваль директоры Анна Лари.
2023 жылы кинофестивальге Ұлыбритания, Қазақстан, Украина, Израиль, Грузия, Әзербайжан, Франция, Беларусь, Аргентина, Ресей, Армения, Өзбекстан, АҚШ, Иран, Польша, Швеция, Молдова, Қырғызстаннан өтінімдер түскен.
ECG Film Festival – Орталық Азия мен Ұлыбритания арасындағы көпір, әлемнің әртүрлі елдерінің мәдениеті бірігетін нүкте. Осындай мәдени ынтымақтастықтың көмегімен ағылшын тілді көрермендер Қазақстанның тыныс-тіршілігмен таныса алады.