Бішкекте Орталық Азия, Түркия, АҚШ және Таяу Шығыс елдерінен жетекші мамандар қатысқан ағза донорлығы мен трансплантаттау мәселелеріне арналған халықаралық симпозиум өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шарада заманауи трансплантологияның өзекті бағыттары, соның ішінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту, клиникалық тәсілдерді жетілдіру және заңнамалық реттеу мәселелері талқыланды.
Қазақстаннан қатысқан трансплантолог мамандар делегациясы елдегі трансплантаттау қызметінің дамуы, донорлықты үйлестіру жүйесінің жұмысы және медициналық тәжірибедегі өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады.
А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов бауыр трансплантаттау саласындағы жетістіктерді таныстырды. Ал Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры Айдар Ситказинов Қазақстандағы донорлық жүйенің тиімділігі мен қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту бағыттарын баяндады.
Сонымен қатар қазақстандық мамандар трансплантаттаудан кейінгі асқынулар, сондай-ақ саладағы этикалық және құқықтық мәселелер бойынша пікір алмасты.
Іс-шара әлемге танымал трансплантолог Мехмет Хаберал негізін қалаған Түркі әлемі трансплантология қоғамының (TDTD) қолдауымен өтті. Ұйым түркі мемлекеттерінің мамандарын біріктіріп, өңірдегі трансплантаттау медицинасын дамыту мен тәжірибе алмасуға арналған халықаралық алаң ретінде қызмет етеді.
Симпозиум барысында тірі донордан жасалатын трансплантаттау дамып келе жатқаны, алайда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты кеңейту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігі атап өтілді.