Қазақстандық туристер тағы да алданды

755

Қазақстандық туристер тағы да алданды

Қазақстандық туристер тағы да түрік әуе компаниясының кесірінен зардап шекті. Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бүгін түнде Түркияның Анталья қаласында қазақстандық туристер тағы да төтенше жағдайға тап болып, Қазақстан консулының араласуымен оларға көмек көрсетілді. Азаматтарымыз кезекті рет түрік әуе компаниялары бірінің өкілдерінің арам әрекетінен жапа шекті. 26 шілде күні сағат 12-00-де әр елден шамамен 100 жолаушы, оның ішінде 30 қазақстандық турист Антальядан Ыстанбұлға ұшуы тиіс болатын. Мұнан ары қазақстандықтар Алматыға ұшуды жоспарлаған. Белгісіз себептермен "Onur Air" әуе компаниясының рейсі бастапқыда екі сағатқа, одан кейін де әрбір екі сағатқа кейінге шегеріліп, түн ортасына қарай тіпті олардың ұшпайтындығы белгілі болды. Жолаушыларға себебін түсіндірместен жүктерін қайтарып беріп, Ыстанбұлға рейстің орындалмайтындығын хабарлаған", - деп жазды Жайнақов.

Оның жазуынша, түрік әуе компаниясы өкілдерінен қандай да бір түсінік ала алмаған 20 қазақстандық өз қаражаттарымен Ыстанбұлға ұшып кеткен. Ал араларында кішкентай балалары бар 10 туристің тамақ алуға және қонар жерге қаражаттары жеткіліксіз болғандықтан Қазақстанның Антальядағы консулдығынан көмек сұраған. Түн ортасына таман қазақстандық дипломат отандастарымызбен кездесіп, түріктің туристік компанияларының бірінің көмегімен шұғыл арада ыстық тамақ ұйымдастырып, қонақ үйге орналастырған.

"Әуе компаниясының басшылығымен байланысып, әуе рейсінің орындалмау себебін анықтау және азаматтарымыздың Ыстанбұлға ұшуын талап ету талпыныстары еш нәтиже бермеді. Әуе компаниясының өкілдері де рейстің орындалмауына өздерінің кінәлары бар екендігін растайтын қандай да бір анықтама бермей отыр. Қазіргі уақытта қазақстандық азаматтарға көмек көрсету мақсатында Қазақстан консулы оларды Отанына жөнелтуді ұйымдастыру мәселесімен айналысуда. Консулдың айтуынша, олардың көпшілігі елге оралғаннан кейін түрік әуе компаниясын сотқа бермек. Қазақстандық дипломаттар көмекке мұқтаж болған отандастарына жедел жәрдем беру міндеттерін орындады деп есептеймін. Дегенмен туристердің өздеріне және өз демалыстарына жауапкершілік мәселесі ашық қалып отыр",- деді ол.

Сонымен қатар ол шетелге сапарлайтын қазақстандықтарға сапарға тыңғылықты дайындалуға, мұндай жайтқа душар болмау үшін артық ақша алып жүруге кеңес берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу