Қазақстандық ұнды өткізу нарықтары азаюда

Осыған байланысты Министрлік өнімді өткізу нарықтарын кеңейту бойынша шаралар қабылдауда.

Қазақстандық ұнды өткізу нарықтары азаюда Фото: gov.kz

Елімізде өндірілген ұн ішкі қажеттілікті артығымен қамтамасыз етеді. Бұл бағытта Қазақстан әлемде көшбасшы орынға ие. Бұл жайында Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Егер нақты бағыттар бойынша өңдеу саласын дамытуды қарастыратын болсақ, астық өңдеу саласы жетекші орын алады. Тамақ өнімдерін өндіру жалпы көлемде саланың үлесі 21%-ды құрайды. 350 кәсіпорын жұмыс істеуде. 3,3 млн тонна көлемде өндірілген ұн еліміздің ішкі қажеттілігін (1,4 млн.тонна) артығымен қамтамасыз етеді және экспорттық жеткізілім бойынша (1,9 млн. тонна) әлемде көшбасшы орынға ие", – деді министр өз есебінде. 

Отандық ұн өндірісімен қамтамасыз ету деңгейі - 237%, макарон өнімдері бойынша - 122%, жарма - 102% құрайды.

"Дәстүрлі импорттаушылардың протекционистік қолдау шараларын қолдану арқылы өз елдерінде қайта өңдеуді дамытуына байланысты (Өзбекстанның әкелінетін астыққа (0%) және ұнға (10%) баждардың сараланған мөлшерлемелерін енгізуі) қазақстандық ұнды өткізу нарықтары азаюда. Осыған байланысты Министрлік өнімді өткізуге нарықты кеңейтуге шаралар қабылдауда. Мәселен, жақында Ел басының Қытайға сапары шеңберінде Қытайға астықтың өңделген өнімдерінің экспортын ұлғайту және жеткізушілер тізіліміне жаңа компанияларды қосу бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз", – деді министр. 

Сондай-ақ жаңа өндірістерді ашуға бизнесті ынталандыру үшін астық дақылдарын тереңдетіп өңдейтін кәсіпорындар салуға және жаңғыртуға 25%-ға дейін инвестициялық субсидиялау, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, "қарапайым экономика" шеңберінде негізгі және айналым қаражаттарына жеңілдетілген кредиттер бөлу, қосылған құн салығын 70%-ға дейін төмендету сияқты салықтық жеңілдіктер түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қабылдануда, сондай-ақ экспортау кезінде 30%-ға дейінгі көлік шығындары қайтарылады.  

"2023 жылы жалпы қуаттылығы 58 мың тонна болатын жарма мен макарон өнімдері және 21 мың тонналық крахмал өнімдерін өндіретін 11 инвестициялық жобаны іске асыру басталды", – деді Ербол Қарашөкеев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу