Қазақстандық үш бірдей спортшы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді

1597

Атырауда Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай кәсіпқой бокс кеші ұйымдастырылды.

Қазақстандық үш бірдей спортшы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді

Атырауда шетелдік және қазақстандық боксшылардың қатысуымен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған жарыс өтті, деп хабарлады Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Спорттық шараны Атырау облысы әкімдігі мен "SULEIMEN Promotions" проумоутерлік компаниясының ұйымдастырды. 

5 жекпе-жектен тұратын кәсіпқой бокс кешін жұртшылық тікелей эфирден тамашалады.

Қазақстандық 22 жасар Бекзат Нұрдәулетов танзаниялық 28 жастағы Ибрахим Маокаламен жұдырықтасып, алты раундқа жоспарланған жекпе-жек екінші раундта нокаутпен аяқталды. Осылайша қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов кәсіпқой бокстағы дебютін сәтті бастады.

Ал Данила Семенов танзаниялық қарсыласы Мусса Аджибуды төртінші раундта техникалық нокаутқа жіберді. Бұл ауыр салмақтағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланған болатын. 

Кештің үшінші жекпе-жегі қазақстандық Евгений Павлов пен Танзаниядан келген тәжірибелі Гудлак Мреманың арасында өтті. Екінші жеңіл салмақтағы бұл жекпе-жек екінші раундта аяқталды. Евгений  Павлов қарсыласын нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті.

Абылайхан Жүсіпов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін танзаниялық Мешак Мванкемвамен өткізді. Бірінші орта салмақтағы айқас алты раундқа созылып, төрешілер шешімімен Жүсіпов жеңімпаз деп танылды.

Басты айқас қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет пен танзаниялық Абдалах Пазимен арасында ұйымдастырылды. Жартылай ауыр салмақтағы жекпе-жек алты раундқа созылып, Нұрмағанбеттің жеңісімен аяқталды.

Айта кетейік, аталған спорттық додада қазақстандық үш бірдей спортшы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді: Данила Семенов, Абылайхан Жүсіпов, Бекзат Нұрдәулетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу