Тәжікстан чемпионатының Жоғары лига клубы "Истравшан" өзінің құрамына қазақстандық үш футболшыны шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
19 жастағы қақпашы Ахан Дерганчеев, 27 жастағы шабуылдаушы Сергей Шабалов және 24 жастағы жартылай қорғаушы Вячеслав Христич тәжікстандық командада сыннан өтіп, "Истравшан" клубының ойыншысы атанды.
Бұл ойыншылардың ешқайсысы кәсіпқой спортшы емес. Олардың екеуі соңғы уақытқа дейін балалар жаттықтырушысы ретінде жұмыс істеді. Дерганчеев "Еңбек" футбол мектебінің тәлімгері. Ол тек Алматыда өткен чемпионатта ғана әуесқой ойыншы ретінде өнер көрсеткен. Шабалов болса, "Алматы" футбол мектебінің бапкері болған. Христич балалалар мен жасөспірімдерге арналған №2 мектепте жаттықтырушы болды.
"Истравшан" клубының президенті Алматыға бапкерлердің семинарларының біріне келген. Жиыннан соң эстрада жұлдыздары мен бапкерлер арасында жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Үш ойыншы да бапкерлер командасында ойнап, тәжік футболы өкілдерінің көзіне түскен.