Қазақстандық үш компания ТМД шеңберіндегі сапа жарысына қатыспақ. Аталған байқауда кеңес кеңістігіндегі өнім мен қызмет сапасын жоғары кәсіпорындар анықталатын болады. Ал еліміздің намысын былтырғы "Алтын сапа" байқауының жеңімпаздары қорғамақшы. Олардың біріншісі Оңтүстік Қазақстаннан құс етін өндіретін "Ордабасы-құс" компаниясы болса, екіншісі сорғы шығаратын "Карлскрона" кәсіпорны. Ал үздік қызмет аталымында алматылық "Петролеум" компаниясы бақ сынайды. Үш үміткер байқаудың шарттарын орындап, тиісті есептерді дайындап қойған. Қазір шетелдік сарапшылар аралап көріп, өз бағасын беріп жатыр. Байқаудың қорытындысы жыл соңында ТМД-ның экономикалық кеңесінде анықталатын болады.
Лариса Разумовская, ТМД-ның өнім мен қызмет сапасы саласындағы сарапшысы: "Бұл ТМД кеңістігіндегі ең беделді байқау. Оның жеңімпаздары әрине ТМД-да бар үздік компаниялар. Ал байқаудан жеңіп шығу қай елдің болмасын кәсіпорнына үлкен жетістік болып есептеледі".
Айта кетейік, ТМД-ның сапа сыйлығы екі жылда бір рет өткізіледі. Бас кеңсесі Минскіде орналасқан. Байқау биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Бүгінге дейін біздің елден екі жеңімпаз шығыпты. Олар Еуразиялық ұлттық университеті мен Трей-Қарағанды кәсіпорны.