Отандық заң ұйымдарының әлеуеті көбінесе мемлекет мүддесін шетелде, арбитраждарда және халықаралық соттарда қорғау үшін пайдаланылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің сайтында ҚР Әділет министрлігі Мемлекеттік мүлік құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Ерлан Мұсабаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Спикердің айтуынша, енді Әділет министрлігі мұндай компаниялардың көмегіне жиі жүгінуді жоспарлап отыр.
"Жақында өткен бірінші халықаралық тәжірибелік конференцияда шетелде Қазақстан Үкіметінің мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды. Оған отандық және шетелдік заң фирмалары қатысты. Шетелдік фирмалардың өкілдері бұрынғы тәжірибелерімен бөлісті, отандық заңгерлер шетелдік әріптестерінің ақпаратын назарға алып, қандай мүмкіндіктер бар, қандай көмек көрсете алатынын айтты. Олар Үкіметтің мүддесін қорғау үшін бірлесіп жұмыс істейді. Сондықтан, мұның бәрі Әділет министрлігінің құзырында. Бірақ біз қазірдің өзінде жаңа даулар бойынша отандық заң фирмаларының ұсыныстарын қабылдап жатырмыз, оларды жұмысқа тарту үшін қосымша жұмыстар жүргізілетін болады", – деді спикер.
Ерлан Мұсабаевтың айтуынша, отандық заңгерлер халықаралық арбитраждарға белсенді түрде қатысып, тәжірибе жинақтауда.