Қазақстандық жас құтқарушылар халықаралық жарыста жүлделі орындарға ие болды

260

Бакуде XII халықаралық "Жас құтқарушы" жарысы өтті.  

Қазақстандық жас құтқарушылар халықаралық жарыста жүлделі орындарға ие болды Фото: gov.kz

Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен XII халықаралық "Жас құтқарушы" жарысында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Байқауға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан командалары қатысты.

Ел намысын Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы №40 орта мектептің оқушылары қорғады. Команда мүшелері Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен 2025 жылы ашылған "Жас құтқарушы" бейіндік сыныбында білім алады. Олар республикалық кезеңдердегі жоғары көрсеткіштерінің арқасында халықаралық додаға қатысу мүмкіндігіне ие болған.

Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар аралас өрт сөндіру эстафетасы, кедергілер жолағы, "Менің елім – менің командам" байқауы және "Іздестіру және құтқару" кезеңдерінде өзара бақ сынады. Сайыс барысында жас құтқарушылар физикалық дайындығын, төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету дағдыларын және командалық жұмыс қабілетін көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан командасы алты ел арасында жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болды. Сонымен қатар қазақстандық оқушылар "Менің елім – менің командам" байқауында І орынды, ал аралас өрт сөндіру эстафетасында ІІІ орынды жеңіп алды.

Халықаралық жарыс жас құтқарушылар үшін тәжірибе алмасып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді. Қазақстандық команда ел намысын абыроймен қорғап, жас мамандардың жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу