13–16 тамыз аралығында Қытайдың Бейжің қаласында FIRST LEGO League Asia Open Championship 2026 халықаралық чемпионаты өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлемнің 25 елі мен өңірінен 375 команда жиналған жарыста қазақстандық оқушылар жоғары нәтиже көрсетті. Олар 3 екінші, 5 үшінші орын және 15 арнайы жүлде жеңіп алды.
Екінші орын алған командалар:
- RoboRangers – Harmony School, Астана;
- SBIL·LION·AIRES – "Білім-Инновация" лицейі, Семей;
- KAZBOTS – Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы және №221 "Келешек" жалпы білім беретін мектебі, Алматы.
Үшінші орын алған командалар:
- Smart Sisters – "Айсаф" мектеп-гимназиясы, Алматы;
- TechnoKids – KERN School, Астана;
- StarDust – Назарбаев Зияткерлік мектебі, Алматы қаласының Медеу ауданы;
- FlashForce – "Білім-Инновация" IT лицей-интернаты, Щучинск;
- ASTRIX – "Мұрагер" мамандандырылған мектеп-лицейі, Қарағанды.
Арнайы жүлдеге ие болған командалар:
Қазақстандық командалар бұдан бөлек Challenge Solution Award, Coding Award, Team Poster Award, Core Values Award, Robot Performance Award және басқа да аталымдар бойынша 15 арнайы жүлдеге ие болды.
Олардың қатарында Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда, Орал, Талдықорған және Щучинск қалаларының мектептері мен робототехника орталықтарының командалары бар.
Жас робототехниктер жарыс барысында робот құрастыру, бағдарламалау, инженерлік шешімдер әзірлеу және командалық жұмыс бағыттарында өз шеберліктерін көрсетті.
FIRST LEGO League – балалардың инженерлік, зерттеушілік және командалық дағдыларын дамытуға арналған халықаралық білім беру бағдарламасы. Қазақстанда бағдарлама аясында жыл сайын 150-ден астам жарыс ұйымдастырылады.
Қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі елдегі робототехника бағытының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.