Балабақша мен мектепке кезекке тұру, оқу үлгерімін талдау, есеп жүргізу сияқты процестер қазіргі таңда түгелдей онлайн форматта жүзеге асады. Білім беру саласындағы ауқымды әрі күрделі процестерді оңтайландырып, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған мұндай отандық IT-өнімдердің артында қазақстандық жас мамандар тұр.
Осы ретте біз білім беру жүйесін дамытуға бағытталған өнімдерді жасақтайтын отандық IT экожүйе – Bilim Group мамандарымен сұхбаттасып, EdTech жобалар қандай сұраныстан пайда болатынын және олар қоғамдағы нақты қандай түйткілдерді шешетінін сұрап білдік.
Технология – ашықтық кепілі
Ермек Каменовтың IT саласына келгеніне 15 жылдан асқан, соның біраз бөлігін маман білім беру технологияларын жетілдіру бағытына арнаған. Бұл салада оған технологиялар арқылы нақты мәселелерді шешу мүмкіндігі ерекше шабыт береді.

"Қандай да бір мәселені естігенде, бірден технология арқылы оны қалай жүйелеп, қалай шешуге болатыны туралы ой келеді. Әсіресе, білім беру саласындағы процестерді оңтайландыру біз үшін өте маңызды, өйткені білім саласы өте көп адамның өміріне, болашағына үлкен ықпал етеді", – дейді маман.
Ермек басқаратын SmartNation экожүйесі білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландырумен және автоматтандырумен айналысады. Технологиялық өнім балаларды балабақша мен мектепке қабылдаудан бастап, педагогтерді жұмысқа алу, колледждердің жұмысын цифрландыру сияқты бірнеше бағытты қамтып отыр.
Жоба командасы осылайша білім беру жүйесіндегі процестерді ашық әрі ыңғайлы етуді көздейді. Экожүйедегі әр өнімнің идеясы қоғамдағы өзекті мәселені шешуге деген талпыныстан туған. Соның бірі – Jumys SmartNation платформасы.
"Біз бұл өнімді әзірлеуге кіріскен жылы қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиға болды: бір мектептің басшылығы жалақысы 150 мың теңге шамасындағы жұмысқа орналасуға келген мұғалімнен 1,5 миллион теңге көлемінде пара сұраған. Бұл жағдай ел ішінде кеңінен талқыланды. Осыдан кейін біз педагог мамандарды жұмысқа алу процесін қалайша барынша ашық етуге болады деп ойландық. Барлық шешім тек нақты ереже мен деректерге сүйеніп қабылданатын, ал сыртқы факторлардың әсері мейлінше аз болатын жүйе құруға мән бердік", – дейді ол.
Осылайша, экожүйенің ауқымы арта түскен. Бүгінде еліміздің 16 өңірі мен республикалық маңызы бар үш қаласындағы білім беру ұйымдары SmartNation өнімдерін қолданады. Жүйе мектепке дейінгі мекемелердің, мектептердің, колледждер мен қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын жеңілдетуге бағытталған бірнеше өнімді ұсынып отыр.
Жүйе балаларды оқуға қабылдау, педагогтерді аттестациядан өткізу, бухгалтерлік есеп жүргізу және электрондық құжат айналымы сияқты көптеген процесті автоматтандыруға көмектеседі.
Ермектің айтуынша, жобаның басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы байланысты ашық, түсінікті әрі қолайлы ету.
Деректер арқылы білім беру сапасын қалай жақсартуға болады?
Ал BilimCenter жобасының өнім менеджері Зәуре Манаптың білім беру технологиялары саласына қызығушылығы студент кезден басталған. Дипломдық жұмысы да күрделі әліпбилерді тез үйренуге көмектесетін бағдарлама жазуға бағытталған. Сол арқылы жас маман технологияның білім алу процесін қаншалықты жеңілдететінін байқаған.
Университеттен кейін Зәуре түрлі IT-жобаларда еңбек етіп көрсе де, кәсіби жолын білім беру технологияларымен байланыстыруды жөн көрген.
Оның айтуынша, білім саласында технологияның нақты ықпалын сезінуге болады.

"EdTech бағыты менің ішкі құндылықтарыма дәл келеді десем де болады. Мұнда сен жасап жатқан әр жаңа функция ертең-ақ мыңдаған оқушы мен мұғалімнің көмекшісіне айналады. Осылайша, сен өз ісіңнің білім алу процесіне нақты қандай өзгеріс әкеліп жатқанын байқай аласың", – деп бөлісті Зәуре.
Ол жетекшілік ететін BilimCenter платформасы оқушылардың білім деңгейін сараптауға бағытталған. Платформа оқушыларға байқау емтихандары мен тест сынақтарынан өтуге, ал мұғалімдер мен әдіскерлерге оқу нәтижелері туралы егжей-тегжейлі есеп алуға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелер балалар үшін қандай тақырыптар қиындық тудыратынын анықтап, оқу процесін дер кезінде түзетуге септігін тигізеді.
Зәуренің айтуынша, кез келген жаңа функцияны енгізер алдында команда арнайы зерттеулер жүргізіп, мұғалімдер мен әдіскерлердің пікіріне құлақ түреді: "Ұстаздармен тілдескен кезде олардың жұмысы қаншалықты ауқымды екенін көріп, таң қаласың. Өйткені мұғалім тек ағартушылық қызметпен айналыспайды, құжаттарды толтырады, есеп береді, оқушылармен және ата-аналармен жұмыс істейді. Сондықтан біз цифрлық құралдар арқылы мұғалімге қосымша салмақ түсірмей, керісінше уақытын үнемдеуге және қажетті деректерді жылдам алуға көмектесуді көздейміз".
Ал қазір Зәуре командасымен бірге мектептер мен мұғалімдерге дербес ұсыныстар беретін жасанды интеллект құралдарын енгізуге кіріскен.
Деректердің дәлдігі білім беру процесін қалай жақсартады?
Фархат Үсен отандық электрондық журнал қызметін ұсынатын BilimClass платформасын басқарады. 2022 жылы негізі қаланған жүйе еліміздің 12 өңіріндегі мыңдаған мектепте қолданыста.
Фархаттың айтуынша, жүйеге 350 мың мұғалім, 2,5 миллион оқушы тіркелген. Ал платформаның басты міндеттері – деректердің дәлдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету.

"Біз өте ауқымды ақпаратпен жұмыс істейміз. Сондықтан жүйедегі деректердің шынайы, нақты болуы айрықша маңызды. Осы мәліметтер негізінде алдымен оқушының, содан кейін сыныптың, мектептің, аудан мен облыстың аналитикасы түзіледі. Түптеп келгенде, бұл көрсеткіштер бүкіл білім беру жүйесі деңгейінде шешімдер қабылдауға негіз болады", – дейді ол.
Осы мақсатта BilimClass платформасы автоматтандырылған білім беру мониторингі жүйесін де іске қосқан. Жүйе мектептердегі білім сапасы мен оқу үлгерімін бақылап, оқу процесіндегі олқылықтарды жылдам анықтап, түзетуге мүмкіндік береді.
"Білім беру жүйесіне тереңірек үңілген сайын, мұғалімдерге түсетін салмақтың қаншалықты ауыр екенін түсінесің. Олар сабақ беріп қана қоймай, өте көп әкімшілік жұмысты қатар атқарады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – мұғалімдерді күнделікті қағазбастылықтан арылтып, нақты оқу процесіне көбірек уақыт қалдыру", – дейді Фархат.
Жүйені жетілдірумен үлкен мамандар тобы айналысады. Қазіргі таңда жобада 72 маман еңбек етеді.
Олардың қатарында IT мамандар, сарапшылар, дизайнерлер, өнім менеджерлері, техникалық қолдау қызметі мен тренерлер бар. Фархаттың пайымдауынша, технологияның ең басты міндеті – өзекті мәселелерге оңтайлы шешім ұсына білу.
"Кез келген салада, әсіресе білім беруде, түйткіл көп. Егер өнім адамдарға шынайы көмектесіп, процестерді жақсартса, ол міндетті түрде сұранысқа ие болады", – деп түйіндейді Фархат.