Қазақстандық жолаушы ұшақтағы оқыс оқиғаға тосқауыл болды

Оқиға 30 мамыр күні Air Astana әуе компаниясының ұшағында тіркелген. 

Қазақстандық жолаушы ұшақтағы оқыс оқиғаға тосқауыл болды Фото: depositphotos.com

Рейс Алматы қаласынан Лондонға бағыт алған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұшақ жерден көтерілген соң шамамен 50 минуттан кейін, жолаушылардың бірі өзін жайсыз сезініп, ауыра бастаған. Бұл уақытта әуе кемесі Бішкек қаласының үстінен ұшып бара жатқан еді.

Әлеуметтік желі қолданушысының жазуынша, қыздың қан қысымы күрт көтеріліп, ентігу мен жүрек тұсында ауырсыну байқалған. Жағдайы нашарлай бастағанын жанындағы жолаушылар бірден бортсеріктерге хабарлайды. Сол-ақ екен, ұшақ бортында экипаж мүшелері медициналық қызметкерлерден көмек сұраған. Жазба авторы төтенше жағдай кезінде ұшақты Қырғызстанға шұғыл қондыру мүмкіндігі де қарастырылғанын сөз етеді.

Ұшақтағы 20 жылдан астам еңбек өтілі бар қазақстандық дәрігер сол сәтте көмекке келген. Ол – жазба авторының әпкесі.

– Біраз уақыттан кейін менің әпкем – акушер-гинеколог келіп, экипаждың әрекетін үйлестіріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Экипаж мүшелері "қыздың ағзасы мұндай жағдайға шыдай ма?" деп сұрап жатты. Бірақ, 30-40 минуттан кейін қыздың жағдайы жақсарып, тұрақтанды. Ұшақ Лондонға қарай сапарын жалғастырды, – деп жазды автор әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әуе компаниясы ұшақта болған жағдайды растаған. Сонымен қатар, экипаждың барлық әрекеті халықаралық қауіпсіздік хаттамаларына толық сәйкес орындалғанын, науқастың аман-есен Лондонға жеткенін хабарлайды.

– 30 мамыр күні Алматы – Лондон бағыты бойынша орындалған KC 663 рейсі кезінде ұшып шыққаннан көп ұзамай жолаушылардың бірі өзін жайсыз сезінді. Бортсеріктер жедел түрде алғашқы көмек көрсетіп, оттегі баллонын қосып, көмек сұрап, хабарлама жасады. Бұл хабарламаға жауап берген жолаушы-дәрігер әйел зардап шеккен жолаушыны қарап, қажетті дәрі-дәрмектерді берді. Экипаж сондай-ақ Medlink медициналық қызметімен байланысқа шығып, жолаушының жағдайын бақылау бойынша олардың нұсқауларына сәйкес әрекет етті, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Ұшақ Лондонға қонған сәтте жолаушының жағдайы толық тұрақталған әрі оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп болмағаны айтылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу