Қазақстандық жүктерге қызмет көрсетуде кедергі жоқ – Бельгиядағы теңіз портының басшылығы

974

Антверпен теңіз портында қазақстандық жүктерді тиеуді тоқтату дерегі тіркелмеген. 

Қазақстандық жүктерге қызмет көрсетуде кедергі жоқ – Бельгиядағы теңіз портының басшылығы

Отандық жүктердің негізсіз кідірісіне жол бермес үшін Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан Антверпен халықаралық портының вице-президенті Люк Арноутспен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, кездесу барысында қазақстандық дипломат теңіз терминалының басшылығы мен операторларын санкциялық шараларға жатпайтын қазақстандық жүктерді кемсітпеуге шақырды. 

Порт басшылығының айтуынша, бүгінде қазақстандық жүктерді тиеуді тоқтату дерегі тіркелмеген. Ал ЕО институттары мен Бельгия федералдық үкіметі қазақстандық жүктерді бұғаттау туралы қандай да бір үкім шығармаған.

Люк Арноутспен Антверпен портында жұмыс істейтін теңіз операторларына шектеулер қазақстандық жүктерге қатысы жоғын қосымша хабарлайтынын айтты.

Сондай-ақ қазақстандық елші халықаралық көлік-транзиттік дәліздер төңірегіндегі қазіргі тұрақсыз ахуал тұрғысынан санкциялық тәуекелдерді азайту үшін балама бағыттардың мүмкіндіктері туралы айтты. Ол қазақстандық және бельгиялық теңіз сауда порттары арасындағы ынтымақтастықты жандандырып, Ақтау, Құрық, Антверпен мен Зебрюгге порты басшыларының онлайн кездесуін ұйымдастыруды ұсынды. 

Қос тарап екі елдің порт инфрақұрылымы менеджменті бойынша бірлескен оқу курстарын ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ алдағы онлайн келіссөздерде сапалы күн тәртібін жасау жөніндегі жұмысты бастауға уағдаласты.

Айта кетейік, Антверпен теңіз порты әлемдегі ең үлкен 20 порт тізіміне кіреді. Ол – Еуропалық Одақтағы екінші ірі порт. Онда 143 мыңғы жуық адам, 1 мың компания жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу