Қазақстандық журналист Грузияда кісі қолынан қаза тапты

568

Бұл ақпаратты еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстандық журналист Грузияда кісі қолынан қаза тапты Фото: ашық дереккөз

Жанбота Төлеген соңғы рет 19 мамырда әріптесімен байланысқа шыққан. Назира Дәрімбеттің айтуынша, журналистің сыныптастары оның Грузияда өлтірілгенін хабарлаған.

"Қазақстан азаматының Грузияда кісі қолынан қаза тапқаны рас. Осы жылдың 24 мамырында Қазақстанның Тбилиси қаласындағы Елшілігіне Телави қаласының құқық қорғау органдарынан Қазақстан азаматының кісі қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат түсті. Күдікті адам ұсталды, тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне орай өлтіру мән-жайы мен күдікті жайлы мәліметтер жарияланбайды", - деді Айбек Смадияров. 

Оның атап өтуінше, Қазақстан азаматы Грузияға жеке сапармен барған және оқиғаның кәсіби қызметіне қатысы жоқ.

"Қайтыс болған азаматтың денесі Қазақстанға жеткізіліп, 2 маусымда жер қойнына берілді. Грузиядағы Қазақстан консулы жергілікті құқық қорғау органдарымен үнемі байланыста және бұл мәселені бақылауында ұстап отыр", деді ресми өкіл.

Грузия полициясының хабарлауынша, тергеу барысында күдікті Г.Х. муниципалитетте туындаған жанжал кезінде қазақстандық әйелді доғал затпен ұрып, ауыр жарақат салған. 

"Кейіннен қылмыстың ізін жасыру үшін күдікті әйелдің денесін өзенге лақтырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Кахетия полициясы жедел іздестіру шаралары барысында көп ұзамай күдіктіні ұстады. Ұсталған адам 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - делінген Грузия ІІМ хабарламасында.

Қазіргі кезде аталған оқиға бойынша Грузия Қылмыстық кодексінің 108-бабы – "Қасақана кісі өлтіру" бойынша тергеу жүріп жатқаны хабарланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу